346838 «Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасымызды қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы Экономика и бизнес

250 млрд. теңге баспанасыздар мәселесін шешеді

"Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасымызды қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспана салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады.

Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 млрд. теңге сомасында ұлғайтамыз",- деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Қазақстан халқына жолдауында.

Біздің Үкімет Елбасының жолдаудағы тапсырмасын орындауға кірісіп те кетті. Жуырда өткен "Қазақстан 2050" демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев 2015 жылдың 1 қаңтарынан басталатын жаңа тұрғын үй бағдарламасының құрылысына 250 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсалатынын хабарлады. Б. Сағынтаевтың айтуынша, жалға берілетін тұрғын үйлер ауданындағы құрылысты жобалауға және инженерлік желілерді сатып алуға 35 млрд. теңге, ал жалға берілетін үйлердің өзін тұрғызуға "Бәйтерек" холдингі 30 жылға 0,1 пайызбен 145 млрд. теңге көлемінде облигациялық қарыз бөледі.

Бірінші вице-премьер мәлімдегендей, қазіргі кезде Үкімет тұрғын үй берудің жаңа механизмдерін қарастырып жатыр. Нақтырақ айтқанда, бұл бағдарламаға ағымдағы жылдың желтоқсан айында өзгерістер енгізіліп, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде құрылыс қарқын алады. Бағдарламаның операторы ретінде "Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ-ы таңдалған. – Қосымша 1 млн. шаршы метр тұрғын үйлер салынады,- деп түсіндірді Б. Сағынтаев.

Жергілікті әкімдіктердің мәліметтеріне қарағанда, тұрғын үйге кезекке тұрғандардың саны 300 мың адамға жуықтайды. Олардың арасында 376 мүгедектер мен Ұлы отан соғысының ардагерлері, 43 638 жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынан айрылған балалар, 130 303 әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдері, 124 мың бюджеттік мекеме қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, әскери адамдар, 1752 үйлері апатты жағдайда қалған адамдар бар.

"Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен әлеуметтік әлсіз топтарына қолжетімді болатын пайыздық мөлшерлемесі төмен ипотекалық несиеге берілетін үйлер салуды қадап тапсырған болатын. "Қазіргі кезде әлеуметтің жағынан аз қорғалған топтар өкілдеріне үй алу өте қиын. Бастапқы жарнаға көп ақша қажет. Содан кейін банктер 20 пайыздық мөлшерлемемен несие береді. Мұндай бағдарламаға ауқаттылар ғана қатыса алады. Ал, біз жаңа тұрғын үй бағдарламасын шын мәнісінде баспанаға мұқтаж жас отбасыларға арнап жүзеге асырамыз",- деді Елбасы Н. Назарбаев.

Жуырда Президент жолдауын халыққа түсіндіруге Алматыға барған сапарында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2020 жылға дейін елімізде 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынатынын, соның ішінде 29 мың пәтер пайдалануға берілетінін хабарлады. – Елбасының тапсырмасын орындау үшін, жалға берілетін тұрғын үйлер салынып, ол бастапқы жарнасыз және төмен пайызбен азаматтарға 20 жылға жалға беріледі,- деді министр. Оның айтуынша, жолдаудың аталған бағытын жүзеге асыру мақсатымен салынатын тұрғын үйлердің 60 пайызы агломерацияларда (Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе) және 40 пайызы облыс орталықтарында, моноқалаларда, ауылдық жерлерде бой көтереді.

Министр түсіндіргендей, "сатып алу құқымен үйді жалға беру" механизмі бойынша барлық пәтерлердің 50 пайызы – жас отбасыларға, 20 пайызы – халықтың барлық санаттарына, 30 пайызы – жергілікті жерлерде баспана кезегінде тұрған адамдарға беріледі. "Атап айтарлығы, аталған механизмнің шеңберінде алғаш рет жұмыс берушілерге тұрғын үй құрылысына қатысуға мүмкіндік беріледі. Яғни, үйді салуға қаржылай жағынан қатысқан соң, кейіннен оны өз жұмысшыларына бөлуге де құқы болады. Мұндай ұстаным кадрлардың ағынын азайтуға жол ашады",- деді Ерболат Досаев. Сондай-ақ, ол "сатып алу құқынсыз үйді жалға беру" механизмі бойынша да тұрғын үйлер пайдалануға берілетінін атап өтті.

Әмірлан Әлімжан

Источник: NUR.KZ

Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter или Cmnd+Enter


Ваша реакция

Спасибо за ваше мнение

Вы уже голосовали

Читайте также

Загрузка...


Комментарии 0

Содержание комментариев к новостям не имеет никакого отношения к редакционной политике NUR.KZ. Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев. Просьба соблюдать установленные правила .