Финансы
193179 Темекі шегу арқылы Қазақстан халқы денсаулығын құртып қана қойған жоқ.... ➨ Читайте больше на NUR.KZ Экономика и бизнес

Шылымқорлар шетелдіктерді асырап отыр

Темекі шегу арқылы Қазақстан халқы денсаулығын құртып қана қойған жоқ. Бұдан ел экономикасы да айтарлықтай соққы алып жатыр.

Шылымқорлар шетелдіктерді асырап отыр
фото с сайта ovesti.ru

Бұл жайында кеше "Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының өкілдері ресми мәлімдеме жасады. Аталмыш ұлттық коалицияның атқарушы директоры Жәмила Садықованың мәлімдеуінше, отандастарымыздың темекіге  тәуелділігі елімізге сырттан темекі өнімдерін әкелетін шетелдік компаниялардың "айын оңынан туғызып тұр".

Бұл ретте, Жәмила Садықова: "Бүгінде Қа­зақстан халқы темекі өнімдерін сатып алуға жыл сайын 1 млрд доллардан астам қаржы жұмсайды. Ал республика хал­қы­ның тек қана темекі шегуден ағзасына түс­кен ауыртпалықты емдеуге жыл сайын 5 млрд доллар көлемінде қаржы кетеді.

Елі­міз­ге енетін темекі өнімдерінің 90 пайызы сырт­тан келетіндіктен, бұл жерде тек пай­да­ны шетелдік компаниялар ғана көріп отыр. Пайдасын еселей түсуді көз­дей­тін сол компаниялардың Қазақстанға шылым са­тудан көретін жыл сайынғы пайдасы 2000 млн долларды құрайды. Бұл біздің шетел компанияларын молынан қаржы­лан­­дырып отырғанымызды көрсетеді", – деді.

Жалпы, маманның байыптауынша, болашақта темекі өнімінің шығарылуына, са­тылымына, нарықтағы сұранысына қа­тыс­ты түбегейлі мемлекеттік өзгерістер қа­жет. Соның бір парасы – "Халық денсау­лы­ғы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа ко­декске темекіні тұтынуға қатысты нақты-нақты ескертулер енгізу керек. Бұл ретте, маман былай дейді:

– Біріншіден, темекі компанияларының елдегі іс-шараларға демеушілік көрсетуіне тыйым салған жөн. Олар қайырымдылық ша­раларға демеушілік жасау арқылы өз­де­ріне ұпай жинап алуда. Екіншіден, те­ме­кі қораптарына шылымның зиян­ды­лы­ғын ескертетін графикалық суреттер бей­не­леуге қол жеткізуіміз керек.

Ол суреттер қо­раптың үстіңгі бөлігін және барлық қо­раптың кем дегенде 50 пайызын алып жа­туы керек. Әлемдік тәжірибе бұл әдістің тиім­ді екендігін көрсеткен. Мәселен, Ка­на­да­да бұл суреттер қораптың 60 пайыз бө­лігін алып жатыр. Таиланд елі осындай қо­рапты графикалық безендіру жағынан ха­лықаралық Блюмьерг жүлдесіне ие бол­ды. Үшіншіден, темекіні сататын орындар мен оның қолжетімділігін шектеу қажет. Се­бебі ол балалардан қаншалықты аулақ болса, соғұрлым болашағымыз қауіпсіз.

Негізінен, қайсыбір мамандардың па­йым­дауынша, бүгінде әсіресе 30-35 жас­тағы азаматтар темекінің құрбанына ай­на­луда. Бұған қоса ресми мәліметтер елімізде 13-15 жас аралығында 140 мыңнан астам жасөспірімнің темекіге тәуелді екенін ай­қындап отыр. Осы жайттарды ескерген "Те­мекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлт­тық коалиция өкілдері халық ден­сау­лы­ғына және ел экономикасына темекінің за­­лалы тимесін десек, мынадай жайттарға ба­са назар аударғанымыз жөн дейді:

а) темекі өнімдерін дүкендерде сатуға қа­таң тыйым салу керек. Бұл ретте, тек ар­найы лицензиясы бар темекі сататын ша­­ғын дүңгіршектер ашқанымыз жөн. Әсі­ресе қалалықжерлерде бұл жүйені мық­тап қолға алуға мүмкіндік мол. Ал ауылдық окургтерде дүкендер онсыз да санаулы ғана. Ауылдық жерлерге бұл әдісті дүкен ішінен арнайы лицензиясы бар бұрыштама ашу арқылы жүзеге асыруға болады;

ә) темекі бағасын күрт қымбаттатқан жөн. Темекінің бір қорапшасы 400 теңге бо­луы керек. Сонда ғана республика хал­қы­ның үштен екісі темекі сатып алу қа­бі­летінен айырылады. Бұл үрдіс елдегі теме­кіге тәуелділердің сапын азайтады;

б) темекі өнімдерін сатушы ком­па­ния­лар­ға салынатын салық бес есеге кө­бей­тілгені абзал. Өйткені жыл сайын Қа­зақ­станның темекі нарығына 30 миллиард да­на шылым түседі. Қазіргі кезде Қа­зақ­станда 4,2 миллион адам темекіге әуес. Ал шетелдік компаниялардың төлеп жатқан са­лықтары мардымсыз, тапқан пай­далары шаш етектен. Сондықтан осы­ған орай темекінің әр данасына салық са­лын­ғаны жөн. Сонда ел экономикасына тү­сетін кіріс еселене түседі.

Міне, мамандар "темекі эпидемиясына қарсы тұратын басты үш тетік осы" екенін алға тартып отыр. Әйтсе де қайсыбір са­рап­шылар темекі сатуға арнайы ли­цензия тағайындап, өнімді дүңгір­шек­терде сату ісінің жүзеге асарына күмәнмен қарайтын­дығын жасырмайды. Бұған қатысты Са­ғындық САТЫБАЛДИН, эко­номист ға­лым:

– Темекі өніміне қатысты баға мен са­лық саясаты Қазақстанда алғаш рет көте­рі­ліп отырған жоқ. Елімізде темекіге қарсы заңнама бола тұра, оған қарсы күресте біз әлі дәрменсіздік танытып отырмыз. Ме­ніңше, темекі сататын арнайы дүңгіршектер ашып, оларды арнайы лицензиялау ісінен гө­рі темекі өніміне салынатын салық кө­ле­мін өсірген жөн. Кейбір шетелдерде те­ме­кі­ге салық көлемі 70 пайызға дейін кө­те­ріл­ген. Тағы бір әттеген-айы – бізде темекі өні­мі ары кетсе 200 теңге тұрады. Еуропа ел­дерінде оның құны 5 евродан кем ба­ға­ланбайды. Мәселен, Таиланд елі темекіге са­лықты көбейтумен қатар, оның зиян­ды­ғын ескеріп, арнайы денсаулық қорын да құрған. Бір қызығы, 55 млн халқы бар Таи­ланд елінде шылымқорлар саны 4 млн-ға аза­йып, 10 млн адам зиянды әдеттен арыл­ған. Ал 15 млн халқы бар Қазақстанда шы­лымқорлар саны 4 млн-нан асып отыр. Сон­дықтан, бұл ретте, мемлекеттік тұрғыда ауқымды шараларды қолға ал­ғанымыз жөн. Абзалы, темекі өнімінің ба­ғасын қым­баттатып, оған салынатын са­лықты еселеген жөн. Мұндай әрекеттер шы­лымқорлардың нәпсісін тежеуі тиіс, – деп ой түйіндеді...

Керек дерек

Салауатты өмір салтын ұстану орталығы мамандарының мәліметінше, тек темекіге тәуелділіктің салдарынан Қазақстанда жылына 3 мың адам өкпе ісігімен науқастанып, жыл сайын 30-ға жуық адам көз жұмады.

Темекінің түтіні автокөліктер шығаратын зиянды заттардан төрт есе көп болады. Бір куб миллиметр темекі түтіні 3 млн ыстың мөлшерін құрайды.

Ғалымдардың зерттеуінше, бір сигарет адам өмірін 18 минутқа кемітеді. Адам күніне бір сигареттің түтінінен 580-1100 есе лас ауамен дем алады.

Бір жылда темекі тартатын адамның өкпесіне 800 грамм темекі шайыры жиналып қалады.

Егер адам 15 жасынан бастап темекі тартса, оның өмір сүру жасы сегіз жылға қысқарады. 15 жасынан бастап темекі тарта бастаған адамдарда өкпе қатерлі ісігі жиі кездеседі.

P.S.

Жалпы, тізбелей берсек, темекіге тәуелділікті төмендету хақында айтылар ұсыныстар жетіп-артылады. Бір басымдық беріп айта кетерлігі, бүгінде дені сау ұрпақ өрбіткісі келетін елдер темекі салығын өсіріп, өнім құнын қымбаттату арқылы бұл мәселені біртіндеп шешіп-ақ келеді. Ал біздің елімізде бұл механизм шылымқорлардың нәпсісін шектеуге сеп бола алар ма екен?!

Елдегі шылымқорларға темекі құнын көтеру анағұрлым әсер ете қояр ма екен? Бұлай дейтін себебіміз: естеріңізде болса, 2009 жылы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі "Қоғамдық орындарда, дәмхана, асханаларды былай қойып, түнгі клубтарда, университет, институт маңында шылым шегуге қатаң тыйым салынады.

Оларға әкімшілік айыппұл салынады" деген арнайы қаулы шығарған болатын. Өкініштісі, бұл қаулыға селт етіп, үріккен пенде көрмедік. Мүмкін, темекінің сатылым бағасын өсіру оған тәуелділердің ыждаһатын өшіретін шығар... Мұны да уақыт таразысына қалдырып көрелік...

Источник: Алаш Айнасы

Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter или Cmnd+Enter


Ваша реакция

Спасибо за ваше мнение

Вы уже голосовали

Читайте также

Загрузка...


Комментарии 1

Содержание комментариев к новостям не имеет никакого отношения к редакционной политике NUR.KZ. Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев. Просьба соблюдать установленные правила .