191110 Маман: елімізге қаржылық, эко­но­микалық залал тікелей тиеді ➨ Читайте больше на NUR.KZ Экономика и бизнес

Америкадағы дефолттың салдарынан Қазақстан экономикасы зардап шегуі мүмкін

АҚШ-та дефолт жарияланса, оның Қазақстанға кері әсері болуы мүмкін бе? Америкадағы дефолттың салдарынан Қазақстан экономикасы зардап шегуі мүмкін

Әлем АҚШ-қа алаңдаулы.

Мамырдың басында-ақ мемлекет қарызы тарихта болмаған межеден асып, 14,3 трлн долларға жетті.

Содан бері Ақ үй айналасында қарбалас та, тайталас та бір басылмады.

АҚШ қаржы министрлігі займ алу лимитін 2011 жылғы 2 тамызға дейін 2,7 трлн долларға арттыру қажеттігін әлденеше рет ескерткен болатын.

Сөйтіп, алдағы онжылдыққа бюджет жетіспеушілігін қысқарту жөніндегі шараларға байланысты республикашылдар мен демократтар арасында шиеленіскен келіссөз өрбігенімен, ортақ мәміле, кесімді шешім әлі жасалған жоқ.

Яғни дефолттың алдын алуға, мемлекеттік банкроттықтан сақтануға қатысты Ақ үй нақты шешімдер қабылдауға әлі қауқарсыздық танытып отыр.

Жаһандық дағдарыстан енді ғана ес жиған әлемнің қаржы-экономикалық жүйесі үшін АҚШ дефолты дағдарыстың кезекті толқынын тудыратыны сөзсіз.

Әрине, мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елдің мұндай қадамдарға бармасы анық, оның үстіне дефолт ең алдымен Американың өзін құрдымға кетіретіні белгілі. Дей тұрғанмен, АҚШ дефолты бола қалған жағдайда оның әсері Қазақстан экономикасына тікелей соққы болуы мүмкін бе? Мамандардың саралы сарабына жүгінейік...

Ғалым БАЙНАЗАРОВ, экономика ғылымының докторы, профессор

Иә

– Алдымен айтатыным, АҚШ-та тех­никалық дефолттың болу-болмауы неғайбыл. Рас, қазір Америка парла­мен­тінде республикашылдар мен де­мо­краттар арасында екіұдай айтыс жү­ріп жатыр. Менің ойымша, мұнда бас­қасынан гөрі, Обама әкімшілігіне қарсы саяси күштердің ықпалы көп секілді.

Әйткенмен екі тарап күрделі мәселеге қатысты біршама келісімге де келіп қалды. Басқа амалы бол­ма­ған­­­дықтан, көптеген мәселе бойынша Обама әкімшілігі техникалық дефолт­тың болу мүмкіндігін ескерте отырып, ымы­ралыққа барып отыр.

Сондықтан да айтыс нысаны бірыңғайланған секілді, мәселе дұрыс шешімін табатын болуы керек. Егер де бұл мәселе теріс өр­бісе, яғни АҚШ дефолтқа барса, бұл дүние­жүзінің қаржы жүйесіне, әлемдік экономикаға үлкен әсер етеді. 

Өйткені АҚШ-тың ұлттық валютасы әлемдегі резервтік валюта болып есептеледі. Сондықтан да дүниежүзінің орталық банктері өздерінің миллиардтаған активтерін сонда сақтап келді.

АҚШ-та тех­никалық дефолттың болуы жағдайына келсек, бұл құбылыс бірден доллардың нарықтағы бағамын төменге түсіріп жіберетін еді. Осының өзі әлем экономи­ка­сын үлкен шығынға батыратыны анық. Бірінші кезекте Американың өзі құр­дым­ға кетеді.

Доллар резервтік валюта мәр­тебесінен айы­рылып, экономика тұра­лап, рецессия орын алады. Мұндай құ­бы­лыстан соң, жағдайды қайта қалпына кел­тіруге көп­теген жылдар кететіні анық. Сон­дықтан да бұған АҚШ-тың өзі баруға мүд­делі емес, тамыздың 2-сіне дейін екі пар­тия бір-біріне қоқан-лоқы жасап қана тар­қасады. 

Бетін аулақ қылсын, АҚШ дефолты орын алса, оның Қазақстанға да зардабы зор болмақ. Яғни елімізге қаржылық, эко­но­микалық залал тікелей тиеді. Өйт­кені біздің алтын валюталық қорымыз, Ұлт­тық қордың активтері Американың құн­ды қа­ғаз­дарына салынған. Бірінші кезекте мұ­хит­тың ар жағында мемлекеттік қазы­на­шы­лықтың құнды қағазына қа­зына қара­жаттары орналастырылған.

Бір Қазақстан ғана емес, әлемнің барлық мем­лекеті де сондай жағдайда. Ендеше, тех­никалық де­фолт бола қалған жағдайда АҚШ-тан қара­жатты әп-сәтте шығарып алудың өзі Қа­зақстанға да, басқа елдерге де оңай мәселе болмайтыны айдан анық. Бұл — бі­рін­шіден.

Екіншіден, тіпті қиыннан қиыс­тырып, сол елден қаражатты шыға­рып ала қойғанның өзінде де соншама қаражатты бірден аударып, құя қоятын орынның болуы әбден керек. Ал мұндай бағыт бізде еш дайын да, еш айқын да емес.

Сондықтан да АҚШ дефолты жүзеге асса, оның жа­һандық экономикаға да, Қазақстанның эко­номикасына да тікелей әсері қатты болады. Бұдан бөлек экономиканың басқа сипатындағы теріс әсерлердің өрбуі де әбден мүмкін.

Алданыш НҰРЫМОВ, экономика ғылымының докторы, профессор

Жоқ 

– АҚШ, Қытай секілді алпауыт эко­номикалы елдерде дефолт болған жағдайда әлемдік экономиканың да қиыншылыққа ұшырайтыны рас. Өйт­кені бұлар дүниедегі сауда-саттық ай­на­лы­мының басым бөлігіне ие, мұнай мен газ секілді энергетикалық ресурс­тардың негізгі сатып алушысы да – солар.

Сондықтан да АҚШ бүгінгі қа­ры­зын ұлғайтпаған жағдайда дағда­рыстың екінші кезеңі де басталып кету қаупі баршылық. Мұның өзі Еуропа­ның да, Азияның да экономи­касына зор қауіп дегенді білдіреді.

Күні кешегі ақпараттарға сүйенсек, АҚШ өңір­лерінде бюджет мекеме­лерін, ондағы басы артық қаражат­тылықты шетінен кесіп, қысқарту басталып та кетті. Негізі, қандай уақыт­та да бюджет пен қаржы жүйесі экономиканың қан тамыры болып қалатыны сөзсіз. 

Ендеше, қан жүріп тұруы керек. Ал қанды жүгірту үшін Президент Обама шы­ғыстарды төмендетуге мүмкіндік беретін жолды іздестіріп жатыр. Ақ үй қожайыны бұл жолдың қарапайым азаматтарға ауыр­лық түсірмеуі тиістігін де қалайды.

Сол үшін дәулетті, бай адамдарға салықты көте­руді, әртүрлі қитұрқылықпен салық төлеу­ден жалтаратын америкалық кор­по­ра­циялардың заңнамаларды айналып өтетін мүмкіндіктерін жоюды Обама әкім­шілігі ұстанып отыр. Бұған келіспеген қарсы жақ қасарысып бағуда.

Әйткенмен, 2 та­мыз­ға дейін тараптар ортақ ымыраға келуі керек деп ойлаймын. Әйтпесе дефолт мә­се­лесі ең бірінші АҚШ-тың өзін құр­дымға құлдыратады. 

Мұндай дефолтқа жол берілген жағ­дайда, ол Қазақстан экономикасына үлкен соққы беріп, елімізге тікелей әм қатты әсер етеді деп айта алмаймын. Өйткені Қазақ­станның бүгінгі экономикалық һәм қаржы­лық қадамы нық.

Ағымдағы жылдың басынан бері жалпы ішкі өнімдегі көрсет­кішіміз экономикалық өсімнің 7,1 пайызға артқанын көрсетті. Биылғы жылды да осы межеде аяқтау болжанады. Белгіленген бағыттар бойынша жан-жақты шаралар атқарылып та жатыр

Нақты салаларда өн­діріс орындары ашылуда, халықтың жағ­дайына, жұмыспен қамтуға қатысты міндеттер жеткілікті жүзеге асса, соның өзі – дамуға біршама сеп. Былтырдан бері ашылып жатқан кәсіпорындардың нәтиже беруі де соған ықпал етеді. Осы тұрғыдан ал­ғанда, Қазақстанның бүгінгі қауқары, атқарылып жатқан шаралары эконо­ми­ка­лық қатерлердің алдын алуға жетерлік.

Сол үшін АҚШ-та дефолт бола қалған жағ­дайда 2007-2008 жыл­дардағы дағдарыс кезін­дегідей қатты әсері де болмауы мүм­кін. Елі­міздің экономикасы нақ­ты жолға түсті.

Дағ­да­рыстың салдарымен кү­ресте ғана емес, оның алдын алу тә­жі­рибелерімен де шыңдалып, шапшаң шара қабылдауда ширақтық танытатын қабілетті бойымызға сіңірдік. Ал шұғыл қарекет үшін қаражат керек болса, бұл Ұлттық қорымызда да, халықаралық қорымызда да баршылық. 

Дегенмен АҚШ дефолты бола қалса, оның кейбір жағдайларда кесірі тимей қоймайтыны тағы бар. Өйткені біз мұнай, газ секілді шикізаттық ресурстарды әр­тарап­тандырып сатудамыз.

Ендеше, АҚШ-тағы қандай да болсын қаржылық өзгеріс шикізаттың бағасын құбылтып жіберуі әбден кәдік. Дей тұрғанмен, Америка дефолтының Қытайға да, Еуропа елдеріне де әсері айтарлықтай бол­ғанымен, Қазақ­станға тікелей қатты әсері болмауы мүмкін. Бірақ, ең бастысы, АҚШ дефолтына еш жол берілмейді деп ойлаймын.

Түйін

Сарапшылардың сан-саққа жүгірген сандырағы "бұл дефолт АҚШ-тың ғана емес, дүниежүзінің дефолтына айналатынын" айтады. Оның жаны бар. Мәселен, жұрттың есінде, бұған дейінгі жаһандық күйзелістің басы Америкадан шықты.

Мұхиттың арғы жағында ипотекалық жүйе бүлініп, АҚШ қаржы жүйесінің "тұмауратқаны" білініп еді, Еуропа мен Азияның бірқатар елі бірінен соң бірі "түшкіре" бастады. Оның соңы жаһандық қаржы күйзелісіне ұласып, жаһанды бір шайқағаны ұмытылмайды.

Ендеше әлемнің АҚШ жағдайына алаңдауы да, Обама әкімшілігінің құрдымға кетпеуі үшін жанын сала қарбаласуы да түсінікті. 2 тамызға дейін уақыт көп емес. Әйтсе де бүгінгі жағдайға келсек, мемлекеттік қарызды көтеру шегіне қатысты ортақ ұстаным әлі айқын емес.

Б.Обаманың өзі дүйсенбіде ұлтқа үндеу жасап, ел тарихындағы дефолттың әрбір америкалыққа әсер беретінін айтты. Оның астарында әрбір адам баласының жағдайына да белгілі бір әсері болатыны сезілетіндей. Ендеше, текетірес шешімін таппаса, 2 тамыздың соңғы минутына дейін келіссөз жалғаса беретіні айқын. Бетін аулақ қылсын делік. Әйтсе де бәрін уақыт көрсетеді. 

Источник: Алаш Айнасы

Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter или Cmnd+Enter


Ваша реакция

Спасибо за ваше мнение

Вы уже голосовали

Читайте также

Загрузка...


Комментарии 3

Содержание комментариев к новостям не имеет никакого отношения к редакционной политике NUR.KZ. Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев. Просьба соблюдать установленные правила .