Финансы
173282 Сыр өңірінде жылма-жыл 100 мың тоннадан астам таза күріш жиналады ➨ Читайте больше на NUR.KZ Экономика и бизнес

Күріш неге сырттан тасылады?

Күрішші қауымды қолдайтын бағдарлама керек.

Күріш неге сырттан тасылады?
фото с сайта altyn-orda.kz

Сырдағы диқан қауымы күміс дәнді қамбаға құйып алғалы да екі-үш айдың жүзі болды. Қашаннан да ерте қам жасап жүрген егіншілер көктемгі қарекетке кірісіп кетті. Алайда көңілде алаң да бар. Өткен жылғы өнімді өткізу жайы толғандырады. Жыл бойы күріш өсірді. Ала жаздай белшеден бейнет кешті. Ендігі әрекет сол өнімді қолайлы бағамен өткізу екені белгілі. Ерте көктемнен жерге еңкейген егіншілер үшін бұл да оңай шаруа емес. Бұрын мемлекеттің өзі егінді жинап алатын. Қамбаға құйғаннан кейін диқандар бас ауыртпайтын еді. Қазіргі нарық заманы ауыртпалықты шаруаның өзіне салып отыр. Ашығын айтайық, қазір күріштің қанша пайызы өткізілді? Бұл деректі ешкім тап басып айта алмайды. Дегенмен қоймасында өнімін сақтап отырған диқандардың бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Күріш неге сырттан тасылады?Сыр өңірінде жылма-жыл 100 мың тоннадан астам таза күріш жиналады. Бұл өнім еліміздің жұртшылығына аста-төк жететіні көзге көрініп тұр. Алайда өзіміздің күріш тұтынушы қолына жетіп жатыр ма? Аталмыш сауал осы сала мамандарын ойландырады. Дария бойындағы күріш өнімі Қазақстан халқын қамтамасыз етуге толық жетсе, оны сырттан арбалап тасудың қажеті қанша? Себебі қазір еліміздің базарларында алыс және жақын шетелден келген өнімдер толып тұр. Олардан көз сүрінеді десең де болады. Оған бас ауыртып жатқан кім бар? Әрине, бүгінгі заманда шекараны тас бекітіп отыра алмайсың. Еліміздің екі бүйіріндегі Ресей мен Қытай да күріш өсіреді. Бір қызығы, аталған елдерде халық саны көп болғанымен, олар өз өнімдерін экспортқа шығаруға да қол жеткізіп отыр. Өкінішке қарай, бізде өнімді жергілікті тұтынушыларға жеткізудің өзі қиямет-қайым. Біріншіден, біздің күріштің өзіндік құны қымбат. Шетелге шықты делік. Сөредегі бағасы аспандап тұрған тауарды кім ала қояды? Екіншіден, алыс-жақын өзге елдерге басы артық күріш бара ма? Қалай десек те, бұл тұрғыда ауызды қу шөппен сүртуден өзге амалымыз жоқ. Субсидия қашан көбейеді?Біздің елімізде күріш шаруашылығына деген көзқарас дұрыс болмай тұр. Құзырлы орындар тарапынан бидай дақылына маңыз беру жиі байқалады. Әрине, бидай мен күріш өсірудің әдісі екі бөлек. Жауынмен жерді көгертіп, бидайдан жоғары өнім алуға болады. Ал күріш жарықтық сусыз көктеп кете алмайды. Оған қанша су қажет екені де белгілі. Одан қалды, түрлі тыңайтқыш қажет етіледі. Тағы да басқа жұмсалатын шығындар баршылық. Айналып келгенде, осының барлығы өнімнің өзіндік құнының қымбат болуына әкеліп соғады.

Сондықтан мемлекет тарапынан күрішші қауымды қолдайтын арнайы бағдарлама болуы бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі болып отыр.

Соңғы жылдары күрішке берілетін субсидия біршама өсті. Оған да шүкірлік жасап жүрген жандар бар. Себебі бұрынғы жылдарда ол да жоқ еді. Дегенмен оның өзі де жыртықты жамауға жетер емес. Атап айтқанда, техникалар ескіріп барады. Қазір қолдағы техниканың небәрі төрттен бір бөлігі ғана жаңаланған. Қалғаны – бұрынғы темір-терсектер. Шаруалар енді қайтеді? Жағдайы сондай. Жамап-жасқап кәдеге жаратады. Қамқорлық жасала ма? Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күріштің де өз орны бар. Өнім өзімізде өндірілгеннен кейін оны сырттан алып келудің қажеті шамалы. Өкінішке қарай, бізде қазір осындай қамқорлық жетіспей тұр.

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күріштің де өз орны бар.

Жалпы, Еуропаны Италия мемлекеті күрішпен қамтамасыз етеді екен. Естуімізше, итальян шаруалары өндіретін өнім біздегіден арзан емес. Дегенмен оған теріс қарап жүрген ешкім жоқ. Қайта сол өнімді алуға құлшыныс танытады. Өйткені сапалы өнімге қай кезде де сұраныс бар. Қазақ елінде мұндай қамқорлық жасала бермейді. Алыпсатарлар алып келген арзан өнімге қол созғанды қалаймыз. Сырдағы жұрттың негізгі тіршілік көзі – күріш шаруашылығы осындай қиындықты бастан өткізіп отыр.Дария бойындағы диқандар кейде өз өнімін арзан бағаға өткізуге мәжбүр. Өйткені түрлі берешектен уақтылы есептесу керек. Осыны пайдаланғысы келген алыпсатарлар өзінің қалтасын ойлайды. Осының салдарынан қарапайым шаруа қауымы зиян шегіп қалады. Тағы да жаңа егін маусымы жақындап келеді. Өз өнімін өткізе алмай әуре-сарсаңға түскен диқандар ертеңгі күнін ойлайды. Қысқасы, күрішші қауымды қолтықтан демейтін кезең келген секілді.

 Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:

– Жиналған өнімді Ақтауға облыстағы күріш зауыттарының қуаты толықтай жетеді. Ендігі мақсат өнімді тұтынушы қолына жеткізу екені белгілі. Бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынуда.

 

Источник: Алаш Айнасы

Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter или Cmnd+Enter


Ваша реакция

Спасибо за ваше мнение

Вы уже голосовали

Читайте также

Загрузка...


Комментарии 6

Содержание комментариев к новостям не имеет никакого отношения к редакционной политике NUR.KZ. Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев. Просьба соблюдать установленные правила .